Елордада жастар арасындағы қылмыстың алдын алу шаралары жөнінде дөңгелек үстел өтуде
АСТАНА. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Құралай Орынбекқызы/ - Бүгін елордалық «Гранд Парк Есіл» қонақүйінде «Жастар арасындағы қылмыс: қалыптасқан жағдай және оның алдын алу шаралары» тақырыбында дөңгелек үстел өтуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жастар мен жасөспірімдердің тәрбиесі мен моральдық-психологиялық жағдайы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Соған қарамастан, олардың арасындағы бұзақылық пен қылмыстың көбейіп отырғаны алаңдаушылық туғызуда. Мектеп оқушылары бірін-бірі атып, пышақтап жатқан, студенттердің түрлі қылмысқа барып жатқан оқиғалары басылым беттерінде күн сайын жарияланады. Жастар арасындағы нашақорлық пен спирттік ішімдіктерге әуестік артып отыр», - деді «Қазақстан жастары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсат Нұрыпбаев.
Қоғамдық бірлестік төрағасының айтуынша, ҚР Ішкі істер министрлігінің еліміздегі кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыздықтың және панасыз қалудың алдын алу жөніндегі 2008-2009 жылға арналған жоспарын іске асыру бойынша соңғы үш жыл ішінде жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс 4-5 пайызға кеміп келеді делінген. «Оған қоса жалпы республикалық жағдайға талдау жасай келіп, кейбір облыстарда, атап айтқанда, Маңғыстау облысында осындай қылмыстардың көрсеткіші - 44,1 пайызға, Алматы облысында - 10,9 пайызға, Жамбыл олбысында - 23,2 пайызға, ал Оңтүстік Қазақстан облысында - 8,9 пайызға артқаны айтылады», - деп атап өтті М.Нұрыпбаев.
Дөңгелек үстелге қатысып отырған ҚР Бас Прокуратурасының, ҚР Білім және ғылым, Ішкі істер министрліктерінің, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының, «Ақ орда» қоғамдық қозғалысының өкілдері осы тақырыпта сөз қозғап, басқосу барысында өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салады.