Елордада жатақханадан өрт шығып, 50 адамды эвакуациялады
АСТАНА. KAZINFORM – Таңертең елорданың Сарыарқа ауданы Бұланты көшесіндегі жатақхананың алты қабатынан өрт шықты.

- Алғашқы бөлімшелер келген кезде өрт жатақхананың 6-қабатынан шыққаны анықталды. Өрт сөндірушілер келгенде қабат толығымен отқа оранған еді. Дереу газ-түтіннен қорғау қызметі құрылып, барлау жұмыстары басталды. Төтенше жағдай күштерімен суды үздіксіз жеткізу қамтамасыз етілді, - деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.

Барлығы 540 адам болған, құтқарушылардың күшімен 50 адам (оның ішінде 7 бала бар) эвакуацияланды.
- 1600 шаршы метр алаңды шарпыған өрт толық сөндірілді. Оқиға орнында өртті зерттеу сынақ зертханасының және Төтенше жағдайлар департаментінің анықтау бөлімінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр, - делінген жедел хабарда.

Тілсіз жау салдарынан зардап шеккендер жоқ, қазір өрттің себебі анықталып жатыр.
Наурыздың соңында Астанада 60 адам өрттен құтқарылған еді.