Елордада жазушы Н.Дәутайұлының шығармашылығына арналған «Қазыналы қайнар» атты әдеби кеш өтті

АСТАНА. Желтоқсанның 8-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Несіпбек Дәутайұлы өзіндік пайымы, сөз саптау машығы жетілген жазушы. Бұл пікірді бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлының шығармашылығына арналған «Қазыналы қайнар» атты әдеби кеш барысында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дүкенбай Досжан білдірді,

Елордада жазушы Н.Дәутайұлының шығармашылығына арналған «Қазыналы қайнар» атты әдеби кеш өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәдени кешке ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, белгілі жазушылар, ғалымдар қатысты. Шара барысында қаламгердің жеке кітап көрмесі ашылып, оның шығармаларынан үзінділер, монологтар оқылды. Сонымен қатар жас орындаушылар халық әндерін орындап, күй шертті.

Еңбек жолын Қордай аудандық «Қордай» газетінде тілші болып бастаған ол бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары қызметтерін жемісті атқарды. «Егемен Қазақстан» газетінің Қырғыз еліндегі меншікті тілшісі болды. Қазір   Таразда  шығатын  «Жамбыл» әдеби-көпшілік журналының бас редакторы қызметінде істейді.

Оның «Ақ көгершін», «Алма ағашының бұтағы», «Әнім сен едің» атты хикаяттары, «Құдірет пен қасірет» романы жарық көрді. Қаламгердің «Алтын балық»  хикаяты 2009 жылы халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің бас жүлдесін иеленді. Сонымен қатар ол бірқатар республикалық жабық конкурстардың жүлдегері.