Елордада жекеменшік балабақшалар тағы 9 мың орынға мемтапсырыс алады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қалада жаңадан салынатын әлеуметтік нысандар жайлы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаланы аралау барысында, сол сияқты тұрғындармен кездесуде де әлеуметтік нысандар салу мәселесі көтеріледі. Көлем бойынша қазіргі деңгейді сақтап қана қоймай әлеуметтік нысандардың (мектептер, медициналық пунктер, әлеуметтік тұрғын үйлер және т.б.) санын да арттырамыз. Мәселен алдағы оқу жылына 13 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 100 мың оқушы орнына (2 ауысымды) арналған 25 ірі мектепті жобалау жұмысы басталды. Жаңа форматтағы білім ордаларының құрылысын 2023 жылы бастаймыз» деп жазды әкім Instagram парақшасында.
Оның айтуынша, келер жылы жекеменшік балабақшаларға арнап 9 мың орынға арналған қосымша мемлекеттік тапсырыс беруді, сол арқылы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды арттыру жоспарланған.
Бүгін қарқынды дамып келе жатқан ауданда №98 «Мирас» мемлекеттік балабақшасы ашылды (Есіл ауданы Күлтегін көшесі).
Балабақшаның сыйымдылығы - 300 орын.
Мұнда ойын және музыка бөлмелерінен бөлек педиатр, логопед, психолог кабинеттері, сондай-ақ емдеу кабинеті қарастырылған медициналық кабинет бар.
Бұл мекемеде инклюзивті білім беруге де жағдай жасалған.
Балабақша 2023 жылдың қаңтарынан бастап толық жұмыс істейтін болады.