Елордада «Жемқорлықсыз өмір» қысқаметражды фильмінің премьерасы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 5 қарашада Kinopark 7 астаналық кинотеатрында «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалыстың белсенділері түсірген «Жемқорлықсыз өмір» қысқаметражды фильмінің премьерасы өтті.

Елордада «Жемқорлықсыз өмір» қысқаметражды фильмінің премьерасы өтті

Бұл туралы "Қазақстан 2050" жалпыұлттық қозғалысынан хабарлады.

Фильмде жең ұшынан жалғасқан жемқорлық жолына түскен Арман есімді жігіттің оқиғасы баяндалады. Алайда, Арманның өмірінде болған бір оқиға жас жігітті парадан бас тартуға жетелеп, қас-қағым сәтте барлығын өзгертіп жібереді. Бас кейіпкер кезінде өзінің қабылдауында болғанда пара беруден бас тартқасын ерегесіп, оның мәселесін шешпей қойған бір бейбақ қарияны кезіктіреді. Бұл кездейсоқ жүздесу Арманның өмірге деген көзқарасын қайта қарастыруға себепші болады. Арман сол мезетте пара беруді талап еткен сайын адамдардың азап шегуіне себеп болып жүргенін түсінеді.

Фильмді түсіруге «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысы белсенділерінің қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы көңіл-күйді қалыптастыруға деген ниеті түрткі болды. Туындының режиссері Қозғалыс белсендісі, киносүйер қауымға «Он и Она» фильмі арқылы жақсы таныс дарынды режиссер Сәкен Жолдас.

«Жемқорлық дегеніміз жәй ғана мәселе емес, бұл ел болашағына төнген үлкен қауіп. Соттау, қатаң сот үкімі әрине, маңызды, бірақ олар бұл түйткілді толығымен шеше алмайды. Мәселен, Қытайда, пара үшін ату жазасына кесіледі, бірақ парақорлық бұл елде жойылып кеткен жоқ. Адамдар қорыққанмен, ұрлауын тимай келеді. Сондықтан, жемқорлықтан құтылудың амалы, тек оған әкеліп соқтыратын жағдайларды болдырмау. «Қазақстан 2050» Стратегиясында бұл мәселе төтесінен қойылған және олар шешілуде. Алайда, тек мемлекеттік органдар ғана емес, бұл жұмысқа бүкіл қоғам болып жұмыла кірісуіміз керек. Ең алдымен бұл үшін халықтың бойында жемқорлыққа деген жиіркенішті туғызуымыз қажет. Адал болып, елге қызмет арқылы беделге ие болу керек. Елбасы да бізді осыған шақырады, бұл келешегімізге де қажет», дейді «Қазақстан 2050» жалпыұлттық қозғалысының Кеңес төрағасы Данат Жұмин.

«Жемқорлықсыз өмір» фильмі екі бірдей Kinopark кинотеатрында көрсетіледі, сондай-ақ, ғаламторда, қозғалыстың ресми YouTube арнасында және әлеуметтік желілерде жарияланады. Қозғалыстың белсенділері ең алдымен, жастарды жемқорлықсыз өмір сүруге шақырғысы келеді.