Елордада жеңіл рельсті трамвай 2013 жылдың 1 желтоқсанында пайдалануға беріледі
АСТАНА. 3 маусым. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Елордада жеңіл рельсті трамвай 2013 жылдың 1 желтоқсанында пайдалануға беріледі. Бұл туралы бүгін Астананың келешектегі дамуы мәселесіне арналған кеңесте Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.
«Жеңіл рельсті трамвай (ЖРТ) сынды ауқымды жоба бойынша барлық құжаттаманың дайындалғандығын атап өте аламын. Жобаны іс жүзінде жүзеге асыру үшін «Астана ЖРТ» ЖШС құрылды. Ал жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу және құрылысын бастау үшін 5 млрд. теңге бөлінді», - деп атап өткен қала басшысының айтуынша, 1 шілдеде жобаның жүзеге асырылуының басталуына орай арнайы капсула салу жоспарлануда.
«Ұзындығы 16,4 шақырымды құрап, 9 аялдамасы болатын ЖРТ құрылысының бірінші кезеңін 2013 жылдың 1 желтоқсанында аяқтау жоспарлануда», - деді И.Тасмағамбетов.