Елордада Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналған «Еске алу кездесуі» атты дөңгелек үстел өтті

АСТАНА. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінде Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналған «Еске алу кездесуі» атты дөңгелек үстел өтті.

Елордада Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналған  «Еске алу кездесуі» атты дөңгелек үстел өтті

Соғыс жылдарында қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіз еске алумен басталған шара барысында «Нұр Отан» ХДП «Жас отан» жастар қанатының Павлодар облыстық филиалы өкілдерінің арнайы Мәскеуге барып, «Белгісіз солдат» қабірінің басындағы мәңгілік алаудан әкелген оты қойылды.

Алқалы жиынға қатысқан соғыс ардагерлерінің бірі Қадан Бекенов «Біздің Президентіміз Н.Назарбаев Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне көп көмек көрсетуде. Қазіргі уақытта біздерге коммуналдық қызметтер тегін көрсетіліп, жүріп-тұруымыз ақысыз болып отыр. Тіпті Қазақстан аумағында автобустармен тегін қатынаймыз. Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай жыл аяғына дейін ТМД-аумағында пойызбен ақысыз жүре аламыз», десе, соғыс барысында басынан кешкен оқиғаларымен бөліскен ардагер Петр Комиссаров «Қазіргі уақытта көрші елдердегі саяси тұрақсыздықты күнде көріп жүрміз. Ал сан түрлі ұлт өкілдері тұратын елімізді бейбітшілік орнаған. Мен соны мақтан тұтамын», деп ағынан жарылды.

Дөңгелек үстел барысында Свердлов облысында өткізіліп жатқан «Жеңістің жұлдызды көпірі» медиа форумына қатысушылармен, Мәскеу, Екатеринбург, Ресейдің Шығыс, Батыс, Оңтүстік, Солтүстік окургтерімен бейнекөпір арқылы байланысып, ардагерлер сұрапыл соғыс жылдарында бастан кешкен оқиғаларымен бөлісті.

Аталған шараны «Еуразия ғылымдары экономикалық клубы» қауымдастығы, Экономикалық зерттеу институты, «Нұр Отан» ХДП «Жас отан» жастар қанаты ұйымдастырды.