Елордада Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналған «Жеңіс даңқы ұрпақтардың есінде» кездесу сабағы өтті

АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы мен Астана қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен аталған мұражайда Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналған «Жеңіс даңқы ұрпақтардың есінде» кездесу сабағы өтті.

Елордада Жеңістің 65 жылдық мерейтойына арналған «Жеңіс даңқы ұрпақтардың есінде» кездесу сабағы өтті

«Біздің аталарымыздың, апаларымыздың 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы жасаған ерліктеріне баға жетпейді. Себебі бүгінгі бейбітшілік пен келісім салтанат құрған өмір сол бір сұрапыл жылдарда етігімен қан кешіп, елімізді жау құрсауынан азат еткен ардагерлеріміздің ұлы еңбегінің арқасы», дейді ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова.

Алғашқы сөз кезегі тиген Астана қалалық білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина өткен ғасырдың ең сұрапыл соғысына қатысқан жауынгерлердің Отанға деген сүйіспеншілігі мен отансүйгіштігі өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге болатындығын атап өтті.

Кездесу сабағына Ұлы Отан соғысына қатысқан елордалық 10-ға жуық ардагерлермен қатар Ауғанстандағы әскери оқиғалардың бел ортасында болып қайтқан ауған соғысының ардагерлері де болды. Мұражай қабырғасында өткен кездесу сабағы аясында арнайы көрме де ұйымдастырылған. Онда ҚР Тұңғыш Президентінің, Астана қалалық тарих мұражайларынан алынған экспонаттар мен құжаттар, сондай-ақ ақмолалық майдангерлердің жеке мұрағаттарынан алынған материалдар қойылған. «Жеңіс көктемі» атты көрмеге Ұлы Отан соғысына қатысты мерзімді басылымдарда жарық көрген материалдар, қару-жарақтар үлгілері, әскери айырым белгілері, мерекелік және естелік медальдар, кәдесыйлар қойылған.