Елордада жер телімін басып алушылармен күрес жүруде
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Елорданың Алматы ауданында мемлекеттік жер телімдерін өз бетінше басып алушы жеке кәсіпкерлермен күрес төрт айдан бері жалғасып келеді. Бұл туралы astana.kz сайтына аудан әкімдігінен мәлім етті.
«2013 жылдың қаңтары мен сәуірі аралығында рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеп келген 81 сауда павильоны мен дүңгіршек, 2 автодүкен бұзылып, шығарылды. Олардың ішінде 12 дүңгіршек, 2 автодүкен биылғы жылдың наурыз айында ғана жұмыстарын тоқтатты», - делінген хабарламада.
Еске салайық, ҚР Әкімшілік Кодексінің 118 бабына сәйкес жер телімдерін өз бетінше басып алып, заңсыз иеленгені үшін 50-ден 150 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.