Елордада жиналып тұрған құрылыс материалы өртенді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада жиналып тұрған құрылыс материалы өртке оранды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін сағат 15-19-да Нұр-Сұлтан қалалық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері түтін шыққан Ақкемер көшесі 31/1 мекенжайына барды. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткеннен кейін құрылыс нысаны аумағындағы ашық алаңқайда жиналып тұрған құрылыс материалдарының (пеноплекс) жанып жатқанын анықтады. Өрт аумағы шамамен 40-50 шаршы метрді құрайды. Төтенше жағдайлар қызметкерлері қызыл жалынды сағат 15-34-те сөндірді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ», - деп атап өтті аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.