Елордада жол бойына қоқыс тастаған 7 мыңнан астам жүргізуші жазаланды
Жыл басынан бері ұсақ тәртіп бұзақылық жасап, қоғамдық орындарда қоқыс тастағаны үшін 150-ге тарта адам әкімшілік қамауға алынды, - деп хабарлайды astana.kz сайты қалалық ІІД-ге сілтеме жасап.
«Жыл басынан бері барлығы 15 мыңға тарта әкімшілік тәртіп бұзушылық анықталып, жол бойына қоқыс тастағаны үшін 7 мыңнан астам жүргізуші жазаланды. Осы әкімшілік жазалар үшін оларға 68 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды», - делінген ведомство хабарламасында.
Сондай-ақ қаланың абаттандыру ережесін бұзған адамдар да жазадан тыс қалмады. Осы жылдың бірінші тоқсанында ПИК-тердің 30-дан астам басшысы мен 20 шақты мердігерлік ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алдын алу шаралары ретінде жоғары оқу орындары мен басқа да жерлерде сот мәжілістерін өткізу тәжірибеге енгізіліп келеді.