Елордада Жол картасы жобаларын жүзеге асыруға бөлінген 10 миллиард теңгенің 75 пайызы игерілді - И.Тасмағамбетов
АСТАНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Серік Сәбеков/ - Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов бейсенбі күні Жол картасы нысандарын аралап, ондағы жұмыстардың барысымен танысты.
Әкім жеті нысанды аралады, олардың қатарында, құрылысы аяқталып келе жатқан Бөгенбай батыр даңғылындағы көпір, жөндеу жұмыстары біткен Балалар үйі, жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Мұстафин көшесінің Абылайхан даңғылынан Мақтымқұлы көшесіне дейінгі аралығындағы учаскесі, т.б. нысандар бар.
«Елордада Жол картасы бойынша жалпы сомасы 10 миллиардтан астам теңгенің 114 жобасы жүзеге асырылуда. Үкіметтің тапсырмасы бойынша бұл ақшаға 3977 жұмыс орны құрылды. Бүгінде бұл бағдарламаның жүзеге асырылу барысы аяқталуға жақын. 114 жобаның 59-ы -толық бітті, қалғандары жақын арада аяқталады. Бөлінген 10 миллиардтан астам теңгенің 75 пайызы игеріліп отыр. Жалпы алғанда, мен жұмыстардың қарқыны мен сапасына қанағаттанып отырмын», - деп түйіндеді сапар қорытындысына орай И.Тасмағамбетов.
Әкім сондай-ақ Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларының аталмыш бағыты оң нәтижелер беріп отырғанын атап көрсетті. Әсіресе, қалада бірнеше онжылдықта жиналып қалған жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік проблемаларды шешу сияқты мәселелерде жетістіктер бар.