16:05, 07 Қараша 2013 | GMT +5
Елордада жол жүру билетін қолдан жасаушылардың жолы кесіледі
АСТАНА. 7 қараша. ҚазАқпарат - Астаналық кондукторлардың айтуынша, жол жүру билетін қолдан жасаушылар көбейіп кетті. Мұндай жағдайға көбіне-көп студенттер мен оқушылар ұрынатын көрінеді. Өйткені жол жүру билетін сатып аларда мұқият қарамаса, жасанды билет пен түпнұсқаның айырмашылығын байқау оңай емес. Бұл туралы елорданың ресми сайты хабарлады.

«Кондукторлардан шағым түскен соң, жасанды жол жүру билетін пайдаланушыларды анықтау мақсатында рейд өткізудеміз. Рейд барысында автобустарға кіріп, билеттерді тексереміз. Ал оның жасанды не түпнұсқа екенін қарапайым әдіспен білуге болады. Егер билетті жыртып көрсеңіз, түпнұсқа пластикті материалдан жасалған соң жыртуға келмейді. Ал жасанды билет кәдімгі қағаздан көшіріп басу әдісі арқылы жасалады. Демек, жыртылуы да оңай. Бұл - тексерудің бір ғана әдісі. Мамандар мұндай заң бұзушылықты жою үшін бар мүмкіндікті пайдалануда», - деді «Жолаушылар тасымалы» орталығы ЖШС басшысы Нағашыбай Шалманов. Жасанды жол жүру билетін жасаушылармен күрес қазан айынан басталған. Әзірге құқық қорғау органдарына жеткізілген 5 факті тіркелген. Ал екінші мәселе өзге біреудің атаулы жол жүру билетін пайдаланушыларға қатысты. Жүргізілген рейд барысында мұндай бір жағдай тіркелді. Енді әшкере болған жігіт өзгенің атаулы билетін қолданғаны үшін жауап беруі керек. Мұндай келеңсіздікті болдырмас үшін мамандар тек қана белгіленген орындардан ғана жол жүру билетін сатып алуға кеңес береді.