Елордада жолақыны төлеуге арналған тағы бір мобильдік қосымша іске қосылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Елордалықтар тағы бір мобильдік қосымша арқылы қоғамдық көлікте жолақыны төлей алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада жолақыны төлеуге арналған тағы бір мобильдік қосымша іске қосылды

Төлемді «Plus 24» мобильдік қосымшасының көмегімен автобустарда орнатылған QR-кодтарды сканерлеу арқылы іске асыруға болады.

«Жолақыны қосымшаға VISA/MASTERCARD төлем карталарын тіркеу арқылы төлеу мүмкіндігі бар», - деп хабарлады «Астана ЛРТ» ЖШС баспасөз қызметінен.

Компания қазіргі таңда елорданың қоғамдық көлігінде SMS/QR-код бойынша төлем жасаудың келесі мүмкіндіктері барын еске салады. Атап айтқанда, QR-код арқылы төлеу үшін төмендегі мобильдік қосымшалар бар:

1) Homebank (тек HalykBank және Qazkom карталары үшін);

2) SMSBUS (телефон теңгерімі мен банк картасынан төлеуге болады; кез келген банк картасын тіркеуге болады);

3) My Beeline (Beeline абоненттері үшін, телефон теңгерімінен төлем);

4) «SENIM» мобильдік қосымшасы;

5) OYBY (банк картасымен төлем жасау; кез келген банк картасын тіркеуге болады,) қосымшасы. Автобус салондарында OYBY (Ойбай!) үшін жеке QR-код жапсырмалары бар.

Телефон теңгерімі арқылы SMS-пен төлем жасау үшін 2505 нөміріне хабарлама жіберу (Activ/Kcell, Beeline, Tele2, Altel абоненттері үшін қолжетімді) керек.

Сонымен бірге, «Астана ЛРТ» компаниясының мәлітінше, елордалықтардың дені көлік карталарын «Қазпошта» бөлімшелерінде толтыруға болатынын білмейді.

«Көлік картасының теңгерімін қаладағы «Қазпошта»-ның 34 бөлімшесінде, 16 «Қазпошта» постаматтарында, 5 қала маңындағы (Қосшы, Жібек Жолы, Ақмол, Қабанбай батыр және Қараөткел) бөлімшелерінде толтыруға болады. Көлік картасын қашықтан толтырудың бұл тәсілі активацияны талап етеді», - делінген хабарламада.