Елордада жолаушы және жүк тасымалының жаңа ережесі әзірленеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада көлікпен жолаушы және жүк тасымалдаудың жаңа ережелері енгізіледі. Бұл туралы қалалық көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ержан Диханбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада жолаушы және жүк тасымалының жаңа ережесі әзірленеді

«Бұған дейін жолаушылар мен жүк тасымалдаудың қағидаларын Үкімет бекітіп келді. Алайда, биыл 1 шілдеден бастап бұл функция елорданың жергілікті атқарушы органына берілді. Осыған байланысты Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы елордада автомобильмен жолаушылар және жүк тасымалдаудың жаңа ережелерін әзірледі», - деді Ержан Диханбаев қалалық мәслихаттың қоғамдық кеңес отырысында.

Сондай-ақ, көлік басқармасының өкілі қоғамдық кеңес мүшелерінен аталған ережелер жобасын мақұлдауды сұрады.

«Жергілікті атқарушы органға тасымалдау қағидаларын бекіту функциясын беру жолаушылар көлігі және көлік инфрақұрылымы саласында тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жаңа өзгерістер енгізу кезінде келісу сатыларын қысқарту, жаңа элементтерді енгізу, қазіргі уақытта қалаға қажетті жолаушылар көлігі саласында жедел шаралар қабылдау», - дейді ол.