Елордада жолаушылар автобусы көше шамы бағанын қиратты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада №28 бағытта қатынайтын жолаушылар автобусы көше шамы бағанына соғылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада жолаушылар автобусы көше шамы бағанын қиратты

Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап жатыр. Осы жайтқа қатысты Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті де ресми мәлімет берді.

«7 мамырда Керей-Жәнібек хандар мен Ақмешіт көшесінің қиылысында автобустың жүргізушісі бағдаршамның тыйым салған белгісіне қарамастан қиылысты кесіп өтіп, көше шамының бағанына соғылған», - деп атап өтеді ведомстводан.

Таратылған ақпаратқа сәйкес, адамдар аман. Қоғамдық көлік жүргізушісінің үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы 1-тармағымен әкімшілік хаттама толтырылған.



Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті елорда жүргізушілерін барынша қырағылық танытып, жол жүрісі ережесін қатаң сақтауға шақырады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Нұр-Сұлтан - Щучье» тас жолы ашық әрі штаттық режимде жұмыс істеп тұр.