Елордада ЖОО студенттері шахматтан өзара мықтыны анықтайды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада 2-4 сәуір аралығында шахматтан Динара Сәдуақасованың кубогі үшін студенттер арасында республикалық турнир өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Турнир Нұр-Сұлтандағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде өткізілмек.
«2013 жылдан бері Динара Сәдуақасованың кубогі үшін республикалық, кей кезде халықаралық турнир өткізіліп жүр. Сайыстың мақсаты - жастарды шахмат өнеріне баулу, сонымен бірге ақыл-ойдың ойыны саналатын шахматты халқымыздың арасында насихаттау. Биыл бұл чемпионатқа отыздан аса жоғарғы оқу орындарының шахмат шеберлері қатысқалы отыр. Қатысушылардың саны 102-дан асады. Бұл біз үшін өте маңызды. Бұл бір жағынан Динара Сәдуақасованың еңбегін көрсетеді. Сондай-ақ, дәстүр сабақтастығын айқындайды. 2013 жылдан бері қарасаңыз, қатысушылардың саны да, сапасы да артып келеді», - дейді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы.
Жүлденің жалпы қоры - 1,5 млн теңге. Турнир Жастар жылы аясында ұйымдастырылады.
Турнир FIDE рейтингін есепке ала отырып, жеке және командалық есеп бойынша өткізіледі. Ерлер арасында 1-10 орынға дейін, ал қыздар арасында 1-7 орынға дейін жүлде алғандар ақшалай сыйлыққа ие болады. Жеңімпаз командаға әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасованың кубогі табысталады.
Жарысты ұйымдастыру міндеті «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қолдауымен Динара Сәдуақасованың шахмат академиясына жүктелген.