Елордада ЖРВИ және метапневмовирус бойынша эпидемиологиялық жағдай қалай
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева елордадағы ЖРВИ және метапневмовирус бойынша эпидемиологиялық жағдайға қатысты түсінік берді.

- 2024 жылдың 26 желтоқсаннан бастап 2025 жылы 1 қаңтарға дейін елордада жіті респираторлық вирусты инфекциялардың 4863 жағдайы тіркелді, яғни 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттану көрсеткіші 333.5 деңгейінде болды. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда ауру жұқтыру 10 пайызға жоғары, - деді Ж. Пралиева.

Тұмауға жатпайтын вирустардың ішінде риновирус 13 пайыз көрсеткішпен басым деңгейде болды, ал біршама аз көрсеткіште риносинтициальды вирус (8%), бокавирус (2%), адам коронавирусы (3%), аденовирус (2%), парагрипп (1%), метапневмовирус (1%) анықталды. Сонымен қатар, бір науқаста екі немесе үш вирусы барлар да аз емес.
- Метапневмовирус - көптеген елде, соның ішінде Қазақстанда да таралатын вирустардың бірі. Инфекциялардың басқа түрлерімен қатар, яғни ЖРВИ және тұмау ауруының маусымдық өсуі кезінде айналымда болады, - деді департамент өкілі.
Осы орайда Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті халықты алдын алу шараларын сақтауға және адамдар көп жиналатын жерлерге барудан тартынуға шақырды. Әсіресе, бұл жағдай созылмалы аурулары бар халықтың неғұрлым осал топтарына қатысты. Сондықтан үй-жайларды үнемі желдетіп отыру, науқас адамдармен байланысты шектеу, оларды оқшаулауды қамтамасыз ету, тұмау және ЖРВИ белгілері пайда болған кезде балаларды үйде қалдыру керек. Егер аурудың белгілері пайда болса, уақтылы медициналық көмекке жүгінген жөн.
Осыған дейін хабарлағанымздай, Мемлекет басшысы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Студенттер үйіне барғанда метапневмовируспен байланысты жағдайға пікір білдірген еді.