Елордада жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді

АСТАНА. 12 қаңтар. ҚазАқпарат - Елордадағы еңбек нарығында жағдай тұрақты. 2012 жылдың 4 тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 5,6 пайызды құрады.

Елордада жұмыссыздық деңгейі төмендеп келеді

Бұл 2011 жылмен салыстырғанда (5,8%) 0,2 пайызға азайғандығын көрсетеді. Жастар жұмыссыздығы да 0,7 пайызға (2011 жылы - 9%, 2012 жылдың 4 тоқсанында - 8,3%) кеміген. Бұл туралы Астана қаласының ресми сайтына Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы А. Алтыбаева мәлім еткен.

Еңбек нарығындағы жағдайды реттеп, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған іс-шаралар биылғы жылы да одан әрі жалғасатын болады.

Еске салайық, 2012 жылы Астана қаласының жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп 12 541 адам келді. Басқарманың араласуымен үдемелі еңбек нарығына 5491-і жұмысқа орналасса, олардың 1711-і Жұмыспен қамту - 2020 бағдарламасы бойынша алынды. 29 жасқа дейінгі жастар саны - 3 086 адам. Олардың - 899-ы Жұмыспен қамту - 2020 бағдарламасы бойынша жұмыс істеуде. 2012 жылдың 21 желтоқсанындағы мәлімет бойынша қалада - 2 385 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.