Елордада жыл басынан 11 батуттың жұмысы тоқтатылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Төтенше жағдайлар департаменті және аудандық әкімдіктерімен бірлесе отырып, балалардың жарақаттану және өлім-жітім оқиғаларының көбеюіне байланысты үрлемелі батуттардың жұмысын уақытша тоқтатуға бағытталған шараларды қолға алды. Бұл туралы ҚазАқпарат елорда әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Елордада жыл басынан 11 батуттың жұмысы тоқтатылды

Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ақпаратына сәйкес, Орталық, «Жетісу», «Жерұйық» және «Студенттік» саябақтарының әкімшілігі жүргізген жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері үрлемелі 11 батуттың жұмысы тоқтатылды. Қазіргі уақытта қала әкімдігі сауда, ойын-сауық орталықтары аумағында оларды орнатуға рұқсат бермейді. Кәсіпкерлер сауда орталықтарында және басқа да жекеменшік нысандарда батуттарды ғимарат иесімен жалдау шартын жасау арқылы орналастырады. Ал сауда орталығының иесі аумақты жалдауды қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ келісімшарт бойынша, саябақ әкімшілері жел секундына 10 метр жылдамдықпен соққан жағдайда және ауа райы тұрақтанғанға дейін батуттар мен аттракциондар жұмысын тоқтатуы тиіс.

«Сонымен қатар бүгінгі таңда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Батуттардың және аттракциондардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ережесін әзірлегенін хабарлаймыз», - деп атап өтті басқармадан.

Еске салайық, 25 мамыр күні Қарағанды қаласындағы Орталық саябақта қатты желден үрлемелі батут жақында орналасқан дүңгіршектің үстіне аударылып түскен болатын. Салдарынан 2007 жылы туған жеткіншек қаза болды. 2004 және 2012 жылы туған үш бала түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Сауық нысанын заңсыз әрі, талапқа сай орналастырмағаны үшін қаланың 40 жастағы тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бүгін белгілі болғандай, аударылған батуттың қожайыны Қарағанды облысының Абай қаласында өрт сөндіру бөлімін басқарған. Биылғы 20 мамырда жұмыстан босату туралы рапорт берген.