Елордада жыл сайын 2 мыңға жуық адам обырға шалдығады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайын 1900 обыр ауруына шалдығу жағдайы тіркеледі.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жыл сайын 4 ақпанда халықаралық обырға қарсы ұйымның (UICC) бастамасымен Дүниежүзілік обырға қарсы күрес күні аталып өтеді. Оның мақсаты - онкологиялық аурулардың алдын-алу және оны ерте анықтау туралы халықты ақпараттандыру, адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігін қалыптастыру және қолжетімді скринингтік зерттеулер туралы ақпарат беру», - деді Т. Мұратов атаулы күнге орай онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, адам бойындағы қатерлі ісік асқынып кетпей тұрып анықталса, оны жоюдың толық мүмкіндігі бар.

«Жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласында обырдың жаңа 1900 жағдайы тіркеледі. Бүгінгі күні диспансерлік есепте 11 546 пациент тұр. Обыр дерті құрылымына қарай ішінара бөлінеді. Соның ішінде 1 орында сүт безінің обыры -15,7%, 2 орында өкпе обыры -9,6%, 3 орында асқазан обыры 6,6%, 4 орында ішек обыры -5,0% және 5 орында тері обыры 4,3% құрайды. Аталған аурудың алдын алу және жою мақсатында біздің басқарма онкологиялық мекемелермен бірлесіп қызмет атқаруда. Обыр салдарынан адам өлімінің азаюы, ол дерттің асқынуына жол бермеумен тікелей байланысты. Яғни қатерлі ісік ерте анықталса, ол адамды емдеудің мүмкіндігі мол деген сөз», - дейді ол.

Басқарма басшысының сөзіне сенсек, елордада өткен жылы қатерлі ісік салдарынан адам өлімі көрсеткіші айтарлықтай төмендеген.


Соңғы жаңалықтар