Елордада жыл соңына дейін 111 үй сүріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013 жылдан бері елордада апатты үйлерді ысыруға арналған жоба жүзеге асырылуда. Биыл жылдың соңына дейін 111 үйдің сүру жоспарланып отыр. Апатты жағдайдағы бұл үйлерде тұратын 1 700 отбасыға қаланың басқа аудандарынан баспана ұсынылып отыр, деп мәлімдеді елорда әкімдігінің медиа орталығына Тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Асхат Елеужанов.

Елордада жыл соңына дейін 111 үй сүріледі

Жоба бойынша сүрілуге негізінен тозығы жеткен, өткен ғасырдың 40-70 жылдары салынған үйлер жіберіледі. Басқарма өкілінің сөзінше, бұл үйлерде тұру тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіпті.

Қанатқақты жобаның шартына сәйкес, апатты баспананың орнына пәтер иесіне қаланың басқа аумағынан дәл сол пәтердің ауданына сәйкес баспана беріледі.

Тұрғын үй басқармасының өкілі бұл жағдайда жаңа баспана берілгенде тұрғын үйдің бөлмесі мен отбасы мүшелерінің саны есепке алынбайды. Тек тұрғын үйдің жалпы ауданы ғана ескеріледі.

2013 жылдан бері елордада 117 апатты жағдайдағы үй күреліп, 1 500 отбасы жаңа орынға қоныстанды.

«Бүгінгі таңда елорданың кейбір тұрғындарында төтенше жағдайда тұрған апатты үйлерді сүру жұмысы алдағы ЭКСПО көрмесімен байланысты деген жаңсақ пікір бар. Негізінде ол жобаға сәйкес ағымдағы жұмыс. 2017 жылдың соңына дейін Астанада 1 700 отбасы тұратын 111 апатты үйді сүру көзделіп отыр», - деді А. Елеужанов.