Елордада жылы аялдамалар қайда орнатылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов e.gov.kz">e.gov.kz порталындағы интернет-конференцияда қала тұрғындарының көкейкесті сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында форумға қатысушылар құрылыс, қоғамдық көліктердің жұмысы, жергілікті бюджеттің толықтырылуы туралы өзекті мәселелерді талқылады.
Қала тұрғыны Ерлан Сәкенов жылы аялдамалардың қайда және қашан орнатылатыны туралы сұрады.
«Жеке инвесторлардың қолдауымен жаңа жылы аялдамалардың орнатылып жатқанына өте қуаныштымын. Ескі аялдамаларды не істемек ойларыңыз бар? Қаланың басқа жерлеріне орналастырасыздар ма? Абылай хан мен Қошқарбаев даңғылдарының бойындағы балалар ауруханасының жанына жылы аялдама орнатылса дейміз. Қаланың шеті болғандықтан, бұл өте маңызды. Mega Silk Way алдына жылы аялдама орнатылады ма? Егер осы пункттерде аялдамалар жоспарланса, қай уақытта пайдалануға беріледі? », - деп сұрады Е. Сәкенов.
Жеке инвесторлар аялдамаларды ауыстырған кезде жоспарға сәйкес басқа жерлерге орнатылады. Абылай хан даңғылы бойындағы № 2 балалар ауруханасы маңында жабық типтегі автобус аялдамасы орнатылды. «Астанадағы жабық типтегі 55 аялдама» жобасы бойынша Тұрар Рысқұлов көшесіндегі № 2 қалалық аурухана маңында қараша айының соңына дейін жылы аялдама орнатылады. Сондай-ақ, қала әкімі № 1 аурухана мен «Магнум» гипермаркеті тұсындағы жол айырығын пайдалануға беру мерзімін де атап өтті. 2018 жылдың 15 қарашасына дейін Абылай хан даңғылы мен Қ. Қошқарбаев даңғылының қиылысында жол көлік айырығын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда көше жарықтарын қосу жұмыстары жүргізілуде.
Еске сала кетсек, бұған дейін жаңа жылы аялдамалар неліктен жұмыс істемей тұрғанын қалалық әкімдіктің өкілі айтып берген болатын. Сондай-ақ қыркүйек айының соңында қала ішінде әжетханасы бар жылы аялдамалар орнатылатыны хабарланды.