Елордада зияткерлік меншік құқығын жүзеге асырудың келелі мәселелеріне арналған халықаралық семинар өтіп жатыр
СТАНА. Маусымның 7-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінде «Зияткерлік меншік құқықтарын сақтаудың кедендік шаралары» тақырыбында халықаралық семинар жұмысы басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанның Кедендік одаққа кіріп отырған шағында зияткерлік меншік мәселесіне қатысты мәселелерді шешудің маңызы арта түсіп отыр. Зияткерлік меншікті қорғаудың тиімді жүйесін құру - еліміздің қаржылық әлеуетіне, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. Осы міндеттерді атқаруда кедендік органдардың алар орны ерекше», дейді Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Өмірзақ Бейіспеков.
Американың халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (USAID) қолдауымен зияткерлік меншік құқығын жүзеге асырудың келелі мәселелерін талқылауға арналған халықаралық семинарға Тәжікстан, Қырғызстан және Эстония елдерінің кедендік бақылау саласының мамандары қатысуда.
«Егер біз заңнаманы дұрыс қалыптастырып, құқық иеленушілерге, инноваторларға, өндіруші кәсіпорындарға көзқарасымызды өзгертпесек, елдің инвестициялық тартымдылығы, экономикалық дамуы тежеле береді», дейді Американың халықаралық даму жөніндегі Агенттігінің сарапшысы Малика Қоянбаева.
Үш күндік семинар барысында кедендік орган қызметкерлері зияткерлік меншік жөніндегі даулардың құқық қолданысының өзекті мәселелерін саралап, зияткерлік құқығының жай-жапсарына терең талдаулар жасайды, Орталық Азия және Еуропалық Одақ мемлекеттерінде меншікті құқықтық қорғау аясындағы заңнамалық қолданысына байланысты жасалып жатқан шаралармен танысады.