Елордада160 мың шаршы метрден астам гүл отырғызылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаз маусымы басталысымен елордада қала аумағын абаттандыру мен көгалдандыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Астана-Зеленстрой» АҚ хабарлауынша, биыл қала аумағында 160 мың шаршы метрден астам гүл отырғызылды.
Гүлзарлар бірегей ою-өрнектермен безендіріледі, түрлі гүлдердің бейнесі бедерленеді.
Күн сайын коммуналдық қызметтер гүл суару жұмыстарын жүргізеді. Мысалы, «Алматы» мен «Сарыарқа» аудандарында гүл суару жұмыстарына бір күннің ішінде 180 текше метр, ал «Есіл» ауданында 120 текше метр су пайдаланылады.
Еске сала кетейік, биыл Астана аумағында «Альпі төбешіктері» оюы салынған жаңа гүлзарлар Жастар шағынауданында, Пушкин көшесінде, Құдайбердіұлы көшесінде, Достық көшесі және Қабанбай батыр даңғылында жасалады.
Гүлмен өрнектелген пішіндерді Астаналық цирк алаңында, «Бәйтерек» монументінің алдында, жаңа алаңда және Отан қорғаушылар монументінің алдындағы алаңда тамашалауға болады. Сонымен бірге, Достық көшесі мен Тұран даңғылында да гүл композициялары қолға алынбақ.
Б. Момышұлы даңғылының бойында тірек қабырғаларға декоративті бұталар мен көпжылдық гүлдер орнатылады, деп хабарлайды astana.k.