Елордадағы 100 балабақшада кітап оқу мәдениеті қалыптасады
АСТАНА. KAZINFORM — 1 желтоқсаннан бастап Астананың 100 балабақшасында «Кітап оқитын педагог» және «Кітап оқитын отбасы» бағыттары бойынша 200 клуб жұмысын бастайды. Бастама балалардың кітапқа қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін ерте жастан қалыптастыруға бағытталған. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі мәлім етті.
Әр балабақшада екі бағыт бойынша клуб жұмыс істейтін болады: «Кітап оқитын педагог» және «Кітап оқитын отбасы». Клубтарда педагогтер мен ата-аналар бірлесіп кітап оқып, балаларға үлгі көрсетеді.
Осылайша, балалар кітап оқу мәдениеті қалыптасқан ортада тәрбиеленіп, кітапқа деген қызығушылығы артады.
Бастама мектепке дейінгі жастағы балалардың кітапқа тұрақты қызығушылығын арттыруға, оқу мәдениетін қалыптастыруға және балабақша мен отбасы арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамаларын іске асыру және зерделі ұлт қалыптастыру мақсатында 2026 жылы еліміздің барлық өңірінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы жалғасады.
Ал скроллинг дәуірінде кітапқа қызығушылықты қалай оятамыз мына сілтемеден оқыңыз.