Елордадағы қоқыс сұрыптау зауытында жаңғырту жұмыстары қашан аяқталады
АСТАНА. KAZINFORM — Модернизациялау тамамдалған соң, кәсіпорынның қуаты артпақ. Бұл жөнінде Astana Recycling Plant компаниясына қарасты қоқыс сұрыптау зауытының инженер-экологі Қаламқас Күлімбаева мәлімдеді.
Оның сөзінше, жаңғырту жұмыстары биыл қазан айында аяқталмақ.
— Қазір қоқыс сұрыптау линиясының қуаты — жылына 200 мың тонна. Қала өсіп келе жатқандықтан, тұрмыстық қалдықтар да көбейетіні түсінікті. Зауыт тәулігіне 350-400 тонна қоқысты сұрыптай алады. Ал күн сайын әкелінетін қоқыстар көлемі — 1200 тонна. Демек, зауытқа игере алатын мөлшерінен үш есе артық қалдық әкелінеді. Биыл қазан айында жаңғырту жұмыстары тамамдалған соң, кәсіпорын қуаты 20%-ға артады. Тәулігіне 500 тонна, жылына 250 мың тонна сұрыптай алатын болады, — деді Қаламқас Күлімбаева.
Сонымен қатар, ол күн сайын әкелінетін қалдықтың тек 20%-ы ғана қайта өңделетінін атап өтті. Қоқыстың сапасы төмендемей, қайтадан кәдеге жарауы үшін пластик, қағаз, полиэтилен, шыны тәрізді өңделетін қалдықтарды тамақтан бөлек жинауға кеңес берді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан бойынша 411 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны анықталғанын жазғанбыз.