Елордадағы құрылысы 10 жылдан асқан ЖЭО-3 қашан толыққанды жұмыс істейді
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев құрылысы 10 жылдан аста уақытқа созылған ЖЭО-3 құрылысы қашан аяқталатынын айтты.
«Жобалық құжаттамаға сәйкес станса құрылысының жалпы құны – 146 млрд теңге. Оның 141 млрд теңгесі – республикалық бюджеттен. Бүгінгі таңда 116 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 4 қазандық пен 1 бу трубинасы салынды. Биылғы жылыту маусымында станса толық қуатында жұмыс істеді. Біз құрылысты толық аяқтауды 2026 жылға жоспарлап отырмыз», - деді ол депутаттардың сауалына орай.
Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсанында елорда әкімі Жеңіс Қасымбек ЖЭО-3-тің бірінші кезегінің және екі газ жылу стансасының құрылысы аяқталғанын айтқан еді.
«Инженерлік инфрақұрылым бойынша жаңа аудандарды жеткілікті жылу қуатымен қамтамасыз ету үшін 3-ші жылу электр стансасының бірінші кезегінің, Тұран және Оңтүстік-шығыс газ жылу стансаларының құрылысы аяқталды. Бұл – қосымша 1130 гкал жылу қуатын қамтамасыз етті. Мысалы, бір апта бұрын -32-33 градус аяз болғанда қала шамамен 3 мың гкал жылу пайдаланды, бізде резервте шамамен 600-700 гкал қалды», - деген еді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.