Елордадағы LRT құрылысы: тіректерді тұрғызу жұмысы толықтай аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада жеңіл рельсті көліктің (LRT) 22 шақырымдық эстакадалық жолының құрылысына қарастырылған барлық 799 тірек салынып бітті. Оған 2,5 мың жұмысшы жұмылдырылды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты CTS-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Елордадағы LRT құрылысы: тіректерді тұрғызу жұмысы толықтай аяқталды
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Тіректерді құю үшін 53,7 мың текше метр бетон және 42 мың тонна арматура жұмсалды. Тіректің төменгі бөлігінің ені – 2-2,4 метр, жоғарғы бөлігі – 6,8 метр, биіктігі эстакада жолының өтетін жеріне байланысты 5-тен 18 метрге дейін, бір тіректің орташа салмағы – 200 тонна.

Қазақстандық стандарттар бойынша В45 класындағы М600 маркалы бетон қолданылады. Айта кетерлігі, В45 класындағы бетон гидроэлектростанцияларды, бекініс құрылыстарын, бункерлерді, метрополитен, ауыр металлургия кәсіпорындарын, химиялық, ғарыштық, қорғаныс зауыттарын, атом энергетикасы объектілерін салуда қолданылады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін City Transportation Systems компаниясы жөндеу жұмысына байланысты бірнеше автобустың бағдарына өзгеріс енгенін хабарлағанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар