Елордадағы мемлекеттік балабақшалардың басым бөлігі аралас тілде тәрбие береді

балабақша
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы мемлекеттік балабақшаның жартысынан көбі аралас тілде тәрбие береді. Бұл туралы қалалық білім басқармасының Kazinform сауалына жолдаған жауабында айтылған.

«Астана қаласында 100 мемлекеттік балабақша жұмыс істейді. Оның ішінде 43-і қазақ тілінде, 57-сі қазақ, орыс (аралас) тілінде тәрбие береді. Бүгінде балабақшаларда қазақ тілінде тәрбие мен оқытуға сұраныс артып келеді. Осыған байланысты қазақ тілінде оқытатын жекеменшік балабақшаларға ерекше мән беріліп, мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылуда», - деп жазылған жауапта.

Басқарма жауабынан аралас тілде білім беретін балабақшалардың өзінде мемлекеттік тілдегі топтардың үлесі артып келе жатқанын түсінуге болады.

«Былтырғы жылдың өзінде мемлекеттік балабақшаларда 94 топтың оқыту тілі қазақ тілінде ашылды. Сұраныс бойынша қазақ тілінде оқытылатын топтарды ашу жұмыстары биыл да жалғасатын болады», - делінген ведомство мәліметінде.

Соңғы жаңалықтар