Елордадағы тұрғын үй кешеніндегі өрт кезінде 14 адам құтқарылды

АСТАНА. KAZINFORM — Сарайшық ауданында А-91 көшесінде орналасқан тоғыз қабатты тұрғын үй кешендерінің бірінде жиһаз бен тұрмыстық заттар өртенді, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Елордадағы тұрғын үй кешеніндегі өрт кезінде 14 адам құтқарылды
Фото: Видеодан скрин

Өрттің аумағы 10 шаршы метрді құрады. Оқиға орнына келген ТЖМ қызметкерлері өртті сөндіруге және үй-жайларды тексеруге кірісті.

— Ғимараттан 110 адам өздігінен эвакуацияланды. Құтқару жұмыстары барысында газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны құтқару қалпақтарының көмегімен 14 адамды құтқарды. Олардың ішінде 5 бала, — делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.

ТЖМ тұрғындарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.

Бұдан бұрын Ақтөбеде газ құю бекетінде тұрған көлік өртеніп, үш адам жанып кеткенін жазғанбыз.