Елордадағы 3519 отбасы апатты үйлерден көшіріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Оның аясында кезекке тұрушылар, жас отбасылар мен Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің салымшылары баспанамен қамтылмақ.

Елордадағы 3519 отбасы апатты үйлерден көшіріледі

Сондай-ақ, бағдарлама шеңберінде апатты үйлерді бұзу жөніндегі ілкі жоба да сәтімен қолға алынды. Елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков салынып жатқан бірқатар тұрғын-үй құрылыс нысандарын аралап көрді, деп хабарлайды astana.kz .

2020 жылға дейін аталған бағдарлама аясында 680 мың текше метр немесе 12 мың пәтер тапсыру көзделуде. Қараша айында жас отбасыларға арналған мемлекеттік комиссия қол қойып, оның шеңберінде 600 жас отбасын баспанамен қамту жоспарлануда.

«Бүгін қала әкімімен бірқатар нысандарды аралап көрдік. Соның ішінде апатты үйлерді бұзу жөніндегі жобаға тоқталсам деймін. Аталған жобаның бірінші кезеңінде 3519 отбасын көшіруіміз керек. Жоба 2017 жылы аяқталады. Өткен жылы 189 отбасын көшіріліп, 11 үй сүрілді. Ал, ағымдағы жылдың желтоқсан айында 31 үй сүріліп, 469 отбасы жаңа баспанамен қамтылады. Бұл жобаның бір ерекшелігі, оны жүзеге асыруға бөлінген қаржы қайтарымды»,-дейді Астана қаласы әкімінің орынбасары Сергей Хорошун.

Жоспар бойынша 2017 жылға дейін бұзылатын 228 апатты үйдің орнына жаңа тұрғын үй кешендері мен басқа да нысандар салынады.