Елордадағы №40 мектеп ұстаздарының жеке куәліктері қазақы қалыпқа түсті
АСТАНА. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Сайлау Абылаев/ - Елордадағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 қазақ орта мектебінде сәуірдің алғашқы күндері осы білім ордасының қызметкерлеріне қазақ тілінде толтырылған жеке куәліктер тапсыру рәсімі өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Әңгіме құжаттардың қазақша толтырылуында ғана емес. 30-ға тарта мұғалімнің аты-жөні Қазақстан Республикасы Президентінің «Ұлты қазақ азаматтарының тегі мен атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» 1996 жылғы сәуірдің 2-сіндегі №2923 Жарлығына сай қазақи қалыпта, орыстың «-ов», «-ова» жұрнақтарынсыз көпшілік деңгейінде алғаш рет рәсімделіп отыр. Бұл соншалықты сүйінші сұрарлық іс емес, қалыпты, онсыз да солай болуға тиісті болып көрінгенімен, «ештен кеш жақсы» дегендей, сең қозғалғандай, игілікті істің басы деуге болады. Әлеуметке жағымды бұл шараға Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазы мен «Зерде» инновациялық орталығының директоры Ғабит Молдамұрат сияқты ұлтжанды азаматтар ұйытқы болды.
Мектеп ұжымының осы жақсы өнегеге бір кісідей үн қосуына оқу орнының директоры Ербол Ісләмұлының да игі ықпалы болғаны анық. Оның айтуынша, қазіргі уақытта мектеп ұжымында қызметкерлердің 80 пайызының құжаты қазақшаланып, аты-жөнінің жазылуы бірыңғайланған. «Зерде» инновациялық орталығының директоры Ғабит Молдамұраттың айтуынша, Астана қаласындағы №4 мектеп пен №29 және №75 балабақша ұжымдары да қазақы кейіптегі жеке куәліктерін алғалы отыр. Кезекте тағы 10 мектеп пен 5 балабақша тұрған көрінеді. Осы жақсы үлгі аты-жөнін қазақы қалыпқа әлі түсіре алмай жүргендерге жұғысты болса, қанеки!