21:21, 02 Сәуір 2021 | GMT +5
Елордадағы «Алатау» спорт сарайында өрт шықты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін сағат 20:29-да «Алатау» спорт сарайынан өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нұр-Сұлтан қаласының төтенше жағдайлар департаменті оқиғаның алғашқы деректерін мәлім етті.
«Бүгін сағат 20: 29-да Алматы ауданы, Тәуелсіздік даңғылы, 1/1 мекенжайында орналасқан «Алатау» спорт сарайының бесінші қабатында өрт тұтанғаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрт 20 шаршы метр аумақты шарпыған. Кабинеттің төбесі түгел отқа оранған», - дейді департаменттің баспасөз қызметіндегілер.
Ресми дерек бойынша, өрт сағат 20: 57-де толық сөндірілген. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 39 адам және 12 техника жұмылдырылған.