Елордадағы әлеуметтік және мәдени маңызы бар нысандардың құрылысы жалғасады

АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Әлеуметтік және мәдени маңызы бар нысандардың құрылысы жалғасады. Бұл туралы бүгін Астана қаласында салынып жатқан құрылысты бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті,

Елордадағы әлеуметтік және мәдени маңызы бар нысандардың құрылысы жалғасады
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Әкімнің айтуынша, биылғы жылы қаладағы төрт балабақшаның құрылысы жалғасады. Екінші жартыжылдықтан 7 балабақшаның құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша 8 мың орындық 7 мектептің құрылысы аяқталмақ. «Мұнымен қоса, 2009 жылы Сейфуллин көшесіндегі балалар үйінің төрт корпусы, Қорғалжын тас жолы бойындағы 300 орындық мамандандырылған кәсіби-техникалық лицейдің және 800 орынға арналған кәсіби-техникалық мектептің құрылысы жалғасады», - деді И. Тасмағамбетов. Әкімнің сөзіне қарағанда, биылғы жылғы сәуір айында Қан орталығын іске қосу жоспарланып отыр. Ал жыл соңына дейін онкологиялық диспансердің екінші кезегі, 360 орындық көпсалалы стационар, 150 орынға арналған перзентхана, сондай-ақ Оңтүстік-шығыс шағын ауданында амбулаториялық-емханалық кешен пайдалануға берілмек. Сонымен бірге, 250 орындық дәрігерлік-әлеуметтік оңалту орталығының, инфекциялық балалар емханасының, көпсалалы қалалық балалар ауруханасымен бірге кеңес беру-диагностикалық емхасының құрылысы салынады. «Биылғы жылы 3500 орындық әмбебап концерт залы мен «Шабыт» шығармашылық сарайы тапсырылатын болады», - деді И. Тасмағамбетов.