Елордадағы Алматы облысының жәрмеңкесі ертең де жалғасады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы облысының шаруалары Астанаға мол өнім әкеліп, халықты бір кенелтті. Жәрмеңкеге келген елордалықтар оқушылар сарайы маңындағы алаңда қолжетімді бағамен азық-түлікті көптеп алды.
Екі күнге жалғасатын шарада алматылықтар ауыл шаруашылық өнімдерінің 45-ке жуық түрін ұсынуда, деп хабарлайды 24.kz.
Таңсәріден себелеген жаңбырға қарамастан Алматы облысының ауыл шаруашылық өнімі жәрмеңкесіне келушілердің қарасы қалың болды. Еліміздің шұрайлы өлкесінен Астанаға 323 тонна көлемінде 45 түрлі өнім арнайы жеткізілген.
Астана қаласының тұрғыны Райхан Ахметжанованың айтуынша, келген тағамдардың сапасы өте жоғары. Бұл жәрмеңке Астана мен Алматы облысы әкімдерінің бірлескен келісімі аясында жүзеге асып отыр. Сөрелерге қойылған өнімдердің барлығы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай. Күнделікті зауыттан шығатын тағамнан жалыққан қала тұрғындарының табиғи, отандық өнімге деген қызығушылығы жоғары.
«Астана қаласындағы жәрмеңкеге Алакөл ауылынан келіп отырмыз. Әкелген өніміміз картоп және жуа мен сәбіз. Бағасы қолайлы. Барлығы риза. Рахметін айтып, қайтадан келіңдер деп жатыр. Бізде қуаныштымыз»,-дейді сатушы Әділ Әбдікәрімов.
Ал өз кезегін шыдамсыз күтіп тұрған тұтынушылар қантты молынан алып қалуға тырысуда. Науқан алдында өңірлерде бұл өнімнің бағасы шарықтағаны белгілі. Алматы облысының шаруалары болса, халыққа қантты қолжетімді бағамен сатып жатыр., Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сәрсенбай Бекішовтің сөзіне қарағанда, Алматы облысы осы жәрмеңкелерді әрі қарай жалғастырады. «Бұл бір ғана емес, бірнеше жәрмеңке болады деп ойлаймын. Өйткені халық пен сатушылар тіл табысып жатса, біздің сөзбен айтқанда тіл табысу деген олардың өнімі өтіп жатса, олардың алушылары болып жатса, оны әрі қарай жалғастыра береміз. Оны ұйымдастыру біздің міндетіміз»,-дейді басқарма басшысы.
Алматы облысының 15 ауданы мен 5 қаласында өндірілген азық-түлік жәрмеңкесі ертең де жалғасады.