Елордадағы Арқарлы және Ойыл көшелері уақытша жабылады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы Нұр-Сұлтан қаласы ПД әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп, Арқарлы және Ойыл көшелерінде жол жөндеу жұмыстарын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Осы жылдың 19 мамыры мен 7 маусым аралығында жөндеу жұмыстарына байланысты Чехоев көшесінен Көксеңгір көшесіне дейінгі учаскеде Арқарлы көшесі бойынша, сондай-ақ Арқарлы көшесінен қоғамдық көлікке арналған бұрылу алаңына дейінгі учаскеде Ойыл көшесі бойынша автокөлік үшін қозғалыс толығымен жабылатын болады.
«Қала жолдарында кептеліс тудырмас үшін елорда тұрғындары мен қонақтары қозғалыс бағыттарын алдын ала жоспарлауы қажет. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз және жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне түсіністікпен қарауды сұраймыз», — делінген көлік басқармасының хабарламасында.