Елордадағы «Астана-Арена» стадионында 7-Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылуы басталды

АНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін «Астана-Арена» стадионында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен 7-Қысқы Азия ойындары салтанатты түрде ашылды.

Елордадағы «Астана-Арена» стадионында 7-Қысқы Азия ойындарының салтанатты ашылуы басталды

Салтанатты рәсімге Қазақстанның арнайы шақыртуымен келген Қырғызстан Республикасы Президенті Роза Отынбаева, Әбу-Дабидің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаян, Азия олимпиадалық кеңесінің президенті шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах және халықаралық олимпиада комитетінің президенті Жак Рогге, сондай-ақ 7-Қысқы Азия ойындарына қатысатын 27 Азия мемлекетінің ресми делегациялары мен спортшылары, ел намысын қорғайтын Қазақстанның ұлттық құрамасы, елордаға атбасын тіреген отандық және шетелдік туристер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысуда.

Іс-шараны барлығы 30 мың адам тамашалауда.

Ашылу рәсімін ұйымдастырумен ресейлік композитор, продюссер Игорь Крутойдың продюссерлік орталығы айналысты. Мыңнан астам әртістің қатысуымен өтетін шоу қойылымның соңында 7-ші Қысқы Азия ойындарының бас алауы тұтатылатын болады.

Алдын ала ақпарат бойынша ашылу салтанаты 2 сағат 40 минутқа жалғасады. Сондай-ақ айта кетейік, бас алауды тұтату құрметі кімге берілгендігі көрермендер үшін соңғы сәттерге дейін құпия болып қалмақ.