Елордадағы автобус апаты: «Астана LRT» зардап шеккендерді іздестіруде
Компанияның баспасөз хатшысы Науат Азанбаева хабарлағандай, «Астана LRT» ЖШС мен «№1 автобус паркі» АҚ өкілдері зардап шеккендерге ауруханаға барып, төлемдер бойынша қажетті ақпарат берген. Дегенмен, өтемақының берілу тәртібін әлі де білмейтін азаматтар бар.
«Бұған дейін №1 автобус паркі зардап шеккендерге өтемақы төлейтін сақтандыру компаниясымен шарт жасасты. Алайда, төлемдер тек сот шешімінен кейін беріледі. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Сот шешім шығарған соң зардап шеккендерге өтемақы төленеді», - деп хабарлады Науат Азанбаева.
Қазір зардап шеккендер немесе олардың өкілдері келесі орындарға хабарласа алады:
1. Егер сіз №53 және 12-інші автобустардың жолаушысы немесе жол көлік-оқиғасына түскен жеңіл автокөліктің иесі немесе жолаушысы болсаңыз, онда Сарайшық көшесі, 5 (ЖК Лазурный квартал) мекенжайы бойынша орналасқан «Nomad Insurance» сақтандыру компаниясына хабарласуыңыз қажет.
2. Егер сіз № 301 автобустың жолаушысы болсаңыз, онда №1 Автобус паркіне (мекенжайы: Пушкин көшесі, 37/2) хабарласу керек. Бұл ретте өтініш білдіруші келесі құжаттарды ұсынуы тиіс:
1. Жеке куәлік;
2. Зардап шегушінің өкілі жүгінген жағдайда нотариалды куәландырылған сенімхат;
3. Билет немесе көлік картасының нөмірі бойынша сапарларды (детализация) нақтылайтын мәлімет. Оны «Астана LRТ» ЖШС-дан алуға болады.
«Аталған мекен жайларда зардап шеккендер барлық сұрақтар бойынша кеңес ала алады», - деп хабарлады компаниядан.
Айта кетейік, 26 наурызда елордада үлкен жол-көлік апаты болды. Қала маңына қатынайтын 301-ші бағдардың экспресс-автобусы қатты жылдамдықпен бағдаршамда тұрған 12-інші автобусқа соғылды. Өз кезегінде 12-автобус екпінмен жедел медициналық жәрдем көлігі мен тағы бір автобусқа соғылды.
Салдарынан 301-ші бағдардың жүргізушісі және алдыңғы орында отырған бір жолаушы көз жұмды. 36 адам зардап шекті.
«Astana LRT» басшысы Бекмырза Игенбердинов бұған дейін зардап шеккендерге өтемақы төленетінін мәлім еткен болатын.