Елордадағы автоорталық директоры алаяқтық күдігіне ілінді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы «Nur-AvtoKz» автоорталығының директоры алаяқтық күдігіне ілінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елорда полициясына жүгінген қала тұрғындары «Nur-AvtoKz» автоорталығы басшысының алдап, ақшаларын иеленіп кеткендігі туралы шағымданды. Фирманың 28 жастағы директоры автомобиль сату желеуімен азаматтармен келісімшарт жасасып, бірақ, шартты орындамағаны анықталды. Сонымен қатар күдікті сатып алу-сату келісімшартын жасасу арқылы азаматтардың көліктеріне иелік еткен. Алайда, төлем жасамаған. Ал көлікті үшінші тұлғаға сатып жіберіп отырған», - деп атап өтеді Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті.
Қазіргі уақытта алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Nur-AvtoKz» ЖШС-ның директоры тергеу оқшаулағышына қамалды. Тергеу жүргізіліп жатыр», - делінген ведомство ақпаратында.