Елордадағы балабақшалар кезекші топ режимінде жұмыстарын бастауға дайын

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова балабақшалардың жұмысын жандандыруға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл 18 мамырдан бастап меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі барлық білім беру мекемелері кезекші топ режимінде жұмыстарын бастауға дайын. Егер эпидемиологиялық жағдай тұрақты болса, біздер балабақшалардың есігін ашамыз. Балабақшалар санитарлық-дезинфекциялық нормаларды қатаң сақтай отырып, баланы үйде қалдыруға мүмкіндігі жоқ жұмыс істейтін ата-аналар үшін, одан кейін ғана басқа ата-аналардың қалауы бойынша балаларды қабылдайды. Әрбір мектепке дейінгі ұйымдардың кезекші топтарында бала саны 15-тен аспауы тиіс. Егер балабақшаға келмеген жағдайда, баланың орны сақталады», - деді Ш. Қадырова онлайн баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, бір топта бала саны 15-тен асатын болса, сол балабақшада тағы кезекші топтар ашылады.

«Бүгінде мектепке дейінгі ұйымдарға қажеттілікті анықтау үшін ата-аналар арасында мониторинг жүргізіліп жатыр. Ол үшін ата-аналар өздерінің тәрбиешілеріне балабақшаға баратыны туралы ақпаратты бір күн бұрын хабарлауы қажет. Әр балабақшада кезекші топтардың жұмыс алгоритмі әзірленді. Барлық нысандар санитарлық талаптарға сәйкес дайындалды», - деді басқарма басшысы.

«Балаларды қабылдау учаскелік педиатрдың баланың денсаулық жағдайы туралы берген анықтамасы болған жағдайда жүзеге асырылады. Баланы балабақшаға қабылдау кезінде тәрбиеші медициналық қызметкердің бақылауымен міндетті түрде дене қызуын өлшейді. Осыған байланысты ата-аналарды тәрбиешілердің қауіпсіз болуы үшін жасалып жатқан шараларына түсіністікпен қарап, қолдау көрсетулерін сұраймыз», - деді Шолпан Қадырова.


Соңғы жаңалықтар