Елордадағы балконы «қисайған» үйде тұру қауіпті ме – әкімдік жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Досқұлов «Орбита» тұрғын үй кешенінде тұру қаншалықты қауіпсіз екенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы алғанда бұл нысанда тұруға болады. Адамдар 6 жылдан бері тұрып жатыр. Оларды эвакуациялаудың қажеті жоқ. Ондағы ең қауіпті нәрсе – үйдің қасбеті. Керамограниттен жасалған плиталар желден ұшып, құлауы мүмкін. Сондықтан, техникалық тексеру жұмыстарын тездетіп, қасбетін ауыстыруды көздеп отырмыз. Тұрғын үй барлық коммуналдық қызметтерге жалғанған, жылу, жарық, кәріз, су – барлығы жұмыс істеп тұр», - деді Д. Досқұлов қалалық әкімдікте берген сұхбатында.

Сонымен бірге, «Орбита» ТК қос мұнарасынан 4 және 6 қабат бөлігін алып тастау туралы сот шешімі шыққан.

«Сот шешімін біз орындамаймыз, бұл – сот орындаушыларының міндеті. Үй ешкімнің меншігінде жоқ. Тұрғындарды заңсыз орналастырғаны үшін үй салушыларға әкімшілік шаралар қолданылған. Тіпті қылмыстық іс қозғалып, ұйым басшылары абақтыға қамалды», - деді Дәулет Досқұлов.

Еске сала кетсек, «Орбита» тұрғын үй кешені пәтерлердің бірінде балкон орнынан «жылжып» кетіп, еден дірілдеген. Қалалық әкімдіктің хабарлауынша, олар проблемалы тұрғын үй туралы біледі. Қазіргі уақытта ол жақта техникалық тексеру жүргізіліп жатыр, одан кейін үйдің апаттық деңгейі анықталады.

Әкімдіктің хабарлауынша, үй пайдалануға берілмесе де, үй салушылар 6 жыл бұрын тұрғындарды заңсыз орналастырған.

Соңғы жаңалықтар