Елордадағы бірқатар көшелерде көлік қозғалысы шектеледі

АСТАНА. Тамыздың 3-і. ҚазАқпарат - Жолдағы құрылыс жұмыстарына байланысты бүгін, тамыздың 3-де елордадағы бірқатар көшелерде көлік қозғалысы шектеледі,

Елордадағы бірқатар көшелерде көлік қозғалысы шектеледі

деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қалалық Жол полициясы басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Хабарламада айтылғанындай, Абай даңғылының Сембинов көшесінен Уәлиханов көшесіне дейінгі аралығы жаңадан жол төсеу жұмыстарына байланысты толығымен жабылған. Сонымен қатар Иманбаева көшесінің Ақмола және Бараев көшелері аралығындағы учаскеде қозғалысқа шектеу қойылды. Потанин мен Тілендиев көшелерінің аралығында орналасқан Мәскеу көшесінде де жөндеу жұмыстары қарқын алып отыр.

Кешенді түрде қайта жөндеуге жатқызылған Қ.Мұңайтпасов көшесімен де көлік өте алмайды. Оның Тәуелсіздік көшесімен қиылысатын тұстан Абылай хан көшесінің қиылысына дейінгі аумағы жабылған.

Бейбітшілік және Жеңіс даңғылы аралығындағы Сейфуллин атындағы көшенің бойында көлік қозғалысы жартылай шектеліп отыр.

Астана қаласының Жол полициясы тұрғындар мен жүргізушілерге осы ақпараттардың негізінде алдын ала барар бағытты тиімді айқындап алуға кеңес береді.