Елордадағы Ботаникалық баққа тәуелсіз мәртебесін беру ұсынылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласындағы Ботаникалық баққа тәуелсіз мәртебесін беру идеясы ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордадағы Ботаникалық баққа тәуелсіз мәртебесін беру ұсынылды

Бүгін елордалық белсенділер «Партия күні» жобасы аясында елордадағы «Ботаникалық бақтың» мәселесін талқылады.

Ашық аспан астында өткен талқылауда екі мәселе қаралды, бірі бақтың экологиялық жағдайы мен тазалығы, екінші бақты одан әрі дамыту.

«Елордадағы Ботаникалық бақ Алматыдағы бақтың филиалы. Осы орайда біздің Ботаникалық баққа тәуелсіз мәртебесін беру уақыты жетті деп ойлаймын. Бұл өз кезегінде ғылыми зерделеу жүргізуге және бақ жұмысына қатысты шұғыл шешімдерді өз бетімізше қабылдауда оң септігін тигізеді»,- деді Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданының әкімі Берік Жәкенов.

Оның айтуынша, «Партия күні» аясында өткен аталған іс-шара Ботаникалық баққа қатысты заң талаптары және басқа да жүйеленген сұрақтарды шешуде оңтайлы алаң болып отыр.

Аталған жасыл аймаққа тәуелсіз мәртебесін беру идеясын бақтағы ғылыми орталықтың жетекшісі Сәуле Кәкімжанова да қолдады. Орталық басшысының пікірінше, Ботаникалық бақтың қызметіне еркіндік беру, оны тек демалыс орны ғана емес, ғылыми ұйым ретінде де дамытуға мүмкіндік туғызады.

Айта кетсек, Нұр-Сұлтан қаласындағы Ботаникалық бақ 2019 жылдан бастап ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып саналады. Оның көлемі 98 гектарды құрайды. Жоба екі бөліктен тұрады, оның орталық бөлігі ғылыми зерттеулер жүргізуге арналған, қалған жері демалу мен спорттық-сауықтыру мәніне ие. Сондай-ақ, бақ аумағында әртүрлі 41 мыңнан астам ағаш отырғызылған.