Елордадағы ботаникалық саябақ қалалықтар демалатын сүйікті орынға айналмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әсет Исекешев елордадағы ботаникалық саябақтың құрылысы барысын тексеріп шықты. Жоспар бойынша нысанның тапсырылу мерзімі - 2018 жылдың шілдесі, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Елордадағы ботаникалық саябақ қалалықтар демалатын сүйікті орынға айналмақ

Саябақтың жалпы алаңы мен саябақ аймағы 87 га. Қазір оның айналасына көптеген тұрғын үйлер салынып жатыр. Болашақта мұнда ғылыми-зерттеу, ағарту жұмыстарымен айналысуға болады. Ботаникалық бақ туристерді де тартатын орынға айналмақ.

«Осындай бірегей Ботаникалық саябақты жасаудың идеясы Мемлекет басшысына тиесілі. Ең бастысы, бұл жер қала тұрғындары мен қонақтар үшін жайлы және спорттық алаңдармен де жабдықталуы тиіс. Бұл кеңістік барлық тұрғындарға қолайлы болуы керек. Осында келушілердің өздерін өте жайлы, қауіпсіз сезінуі маңызды. Міндетті түрде бейнекамералар, стационарлық дәретханалар, спорттық серуендейтін сүрлеу жолдар орнатылуы тиіс», - деді қала әкімі.

Ботаникалық саябақта 2 балалар ойын алаңы, 20 тренажер, 2 футбол алаңы, 4 теннис алаңы, 4 волейбол және 2 баскетбол алаңы, 14,2 км веложол, 11.8 жүгіру жолы, демалысқа арналған 4 алаң, 8 үлкен жарық және 18 кіші аэродинамикалық фонтан, одан басқа мұнда WI-FI үшін орындықтар орнатылады. Ағаштардың жалпы саны 95 мыңды құрайды.

Бүгінге дейін саябақта 2 жылыжай, 45 мың шаршы метр алаңды құрайтын жасанды су қоймасы, жаяу жүргіншілер көпірі, велосипед және жүгіру жолдары салынды.

Сонымен қатар шілдеде Абу-Даби плаза кешені мен Ботаникалық саябақпен шектесетін Ақмешіт және Түркістан көшелері аралығында орналасқан Линейный саябағының бірінші кезектегі құрылысы аяқталады. Саябақтың аумағында ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда фонтан құрылғысы орнатылды.

Линейный саябағында 2 құрғақ фонтанның құрылысы, екі балалар алаңы, 2.2 км велосипед жолы мен скейт алаңын салу жоспарлануда. 

Әсет Исекешев бірнеше тұрғын үйлердің жанында орналасқан Линейный саябағының орналасу маңыздылығын да айта кетті. Әкімнің айтуынша, саябақ отбасылық демалысқа арналған атышулы керемет орынға айналады.

Жалпы 2018 жылы Астана қаласы бойынша 386 мың ағаш отырғызылды, оның 208 мыңы елорданың «Жасыл белдеуіне», тағы 178 мыңы саябақтар мен гүлзарларға егілді. Өткен жылы отырғызылған ағаштар саны 312 мыңды құрады.