Елордадағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты - Сархат Бейсенова
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы бас шаһардың коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Астана қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ағымдағы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша елордадағы инфекциялық, паразиттік, карантиндік және аса қауіпті инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай қолайлы деп бағаланады. Бүгінде инфекциялық сырқаттанушылықтың 48 нозологиясы бойынша тіркелмеген. Олар: тырысқақ, іш сүзегі, ботулизм, қызамық, дифтерия, листериоз, бруцеллез, сібір жарасы, қышыма және тағы да басқалары. Жұқпалы аурулар мен тамақтан уланудың топтық жағдайлары тіркелген жоқ. Санитариялық қызмет тұрақты негізде жүргізетін жұқпалы аурулар бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың арқасында 4 нозология бойынша жағдайлардың төмендеуіне қол жеткізуге мүмкіндік берді. Мысалы, скарлатин - 44%, желшешек - 33%, энтеробиоз және педикулез 32%. Сондай-ақ, 4 аурудың көрсеткіштерін өткен жылдың ұқсас кезеңінің деңгейі сияқты ұстап қала алдық. Олар: туберкулез, серозды менингит, В және С гепатиттері», - деп мәлім етті Сархат Бейсенова.