Елордадағы кабель кәріздері қызметі монополистер қарауынан алынбақ

«Тұрғын үй немесе басқа да ғимарат тұрғызғанда кабель кәріздері бірге салынады. Сол арқылы тұрғындар байланыспен қамтылады. Сәйкесінше, кабель кәріздеріне тұрақты күтім керек. Себебі, кейде кәріз құдықтары істен шығып жатады. Оның үстіне, елорда батпақты өңір болғандықтан, кәріз күтімі ерекше бақылауды талап етеді. Ал ол үшін қаражат керек. Айналып келіп, салмақ қала әкімдігінің бюджетіне түседі. Қазіргі уақытта бұл қызметті монополия компаниялары атқарады. Атап айтқанда, «Қазақтелеком», «Транстелеком», «Элитком», тағы сол сияқты. Ендігі уақытта қаладағы кабель кәріздеріне күтім жауапкершілігін бізге жүктеуді сұрап отырмыз, яғни кабель кәріздерін күтіп ұстау, тазалау, жөндеу секілді міндеттерді мойнымызға алмақпыз», - деді Айдар Адаев аталған мәселені талқылауға арналған жиында.
Оның айтуынша, бүгінде CTS қала бойынша 29 нысанның кабель кәрізі қызметіне жауапты. Нақтылап айтқанда, Есіл ауданы бойынша 17, Алматы ауданында 10 және Сарыарқа ауданында 2 нысан бар.
«Аталған нысандар бойынша кабель кәрізін жүргізетін болса, монополия компаниялары алдымен бізге жүгінеді. Тағы бір ескеретін жайт, біздің жауапкершілігімізге өткені үшін бюджеттен қосымша қаржы талап етілмейді. Біз кабель кәрізіне қатысты барлық есеп-қисапты қалалық телекоммуникация комитетімен келісіп жүргіземіз», - дейді ол.
Сондай-ақ, спикер кабель кәріздеріне тек байланыс (интернет) қызметі ғана кіретінін еске салды.
Бұған дейін «Қазақтелекомның» 28,8 пайыз акциясы мемлекетке қайтарылатыны хабарланған болатын.