Елордадағы Қазақ агротехникалық университеті 2009 жылғы жұмысының қорытындысын шығарды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кеңес жұмысының барысында екі мәселе қаралды - 2008-2009 оқу жылында тәрбие жұмысының жағдайы мен университетте жастар саясатын жүзеге асыру жоспарлары, сондай-ақ мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру жұмысының барысы.
Оқу орнының ректоры Айтбай Бұлашев, есепті мерзім ішінде университет ұжымының қол жеткізген табыстарына қысқаша тоқталып, ортақ іске айтарлықтай үлес қосқан оқытушылар мен қызметкерлерге, сондай-ақ халықаралық, республикалық және қалалық түрлі байқауларда бәйге алып, университет мерейін асырған студенттерге алғысын білдіріп, марапаттады.
Мәселен, А.Бұлашев ҚазАТУ жанында жұмыс істейтін «Рауан» халық би ансамблінің көркемдік жетекшісі Гүлмира Мағзұмованы республикамыздың мәдениеті мен өнерін дамыту саласындағы көп жылғы жемісті еңбегі үшін және мемлекетіміздің басты мерекесі - Тәуелсіздік күніне орай ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен марапаттады.
Құрметке бөленген студенттердің арасында Оңтүстік Африка Республикасында өткен белдесіп күресуден Әлем чемпионатының жеңімпазы аталып, «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын алған Әлібек Зекенов, 2009 жылғы қазан айында кикбоксингтен Қазақстан чемпионы, қараша айында Италияда өткен Әлем чемпионатында қола жүлденің иегері Шыңғысхан Тілемісов, сондай-ақ боксшылар Ілияс Сүлейменов, Думан Әлімов, Мерей Ақшалов, Бақытжан Қожабеков, самбошы қыз Жадыра Жақсылықова және басқалар бар.
Күн тәртібінің екінші мәселесіне тоқталған ректор, жалпы білім беретін мектептер түлектерінің арасында кәсіптік бағдар беру жұмысын жүргізу маңызды екендігін айтып, қаладағы және Ақмола облысына жақын орналасқан әрбір мектеппен тығыз байланыстар орнату қажеттігін қадап айтты. «Біздің оқу орынға түсу барысында берілетін жеңілдіктер туралы жоғары сыныптың әрбір оқушысына жеткізу қажет», - деді ол.
Сондай-ақ ол, ғылыми кеңес мүшелері мен гуманитарлық пәндер оқытушыларына әр пәннің оқыту-тәрбие бағдарламасы жастардың патриоттық және идеологиялық тәрбиесіне ықпал ететін қазақстандық нақыштарға толы болу қажеттігін жеткізді.