Елордадағы «Қазақстан» және «Толқын» спорт кешендеріне жөндеу жүргізіледі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қазақстан» және «Толқын» спорт кешендеріне ауқымды реконструкция жүргізу жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Елордадағы «Қазақстан» және «Толқын» спорт кешендеріне жөндеу жүргізіледі

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстан» және «Толқын» спорт кешендеріне реконструкция жүргізіледі. «Қазақстан» спорт кешені қазіргі таңда хоккей әуесқойларының орталығына айналды. Оның ішінде 1 мыңдай ересек адам кіретін 32 команда, сондай-ақ 440 баладан тұратын 24 команда бар. Кешенде тұрақты түрде турнир өтіп тұрады, былтыр 450 турнир өткен», - деді Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаев тұрғындармен есеп беру кездесуінде.

Аудан әкімінің айтуынша, бұқаралық спортты дамыту жоспарын жүзеге асыру аясында былтыр ауданда триатлоннан қысқы чемпионат, «Яркокросс», «Көңілді старт», отбасылық эстафета секілді 95 спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Оған ауданның 3 мыңнан аса тұрғыны қатысқан.

«Өткен жылы біз 4 «workout» зона мен 6 футбол алаңын салдық. Сонымен қатар 41 спорт алаңқайына жөндеу жүргіздік. Бұдан бөлек, ауданның 5 спорт кешенінен тұратын спорттық инфрақұрылымын көпбейінді теннис орталығы толықтырды. Оның ішінде 14 корт пен 2 жаттығу залы бар. Орталықтың ашылу салтанатына танымал теннисшілер Рафаэль Надаль мен Новак Джокович қатысты», - деді ол.