Елордадағы көлік стратегиясы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Көлік стратегиясының тиімділігі тек жол-көлік инфрақұрылымын дамытумен ғана шектелмесе керек. Бұл орайда, қала көшелеріндегі қоғамдық көлік қатынасының және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасының да айрықша мәні бар екендігі даусыз. Осыған орай, елордадағы қоғамдық көлік қатынасын жақсарту және жолаушыларға барынша тиімді де сапалы қызмет көрсету жайы барған сайын жүйелі түрде жетілдіріліп келеді.
Осыған байланысты соңғы уақытта елордамыздың жол-көлік инфрақұрылымының аясында бірқатар маңызды жобаларды іске асыру мәселесі қолға алынды. Атап айтқанда, «Астана LRT» ЖШС 2014 жылы пайдалануға алдымен ІТS жобасын ұсынды. ІТS жобасы бірнеше кіші жобалық жүйеден тұрады. Олар: бағдаршам нысандарын бейімдеп басқару; жүргізушілерді хабардар ету жүйесі; қоғамдық көлікті диспетчерлік қызметпен қамтамасыз ету жүйесі; жолаушыларды жедел хабардар ету жүйесі; жол жүру ақысын төлеудің электрондық жүйесі; жол қиылыстарын бейнебақылау жүйесі. ІТS жобасы елорданың 6 көшесіндегі 42 реттелетін жол қиылысын автоматты басқаруды жүзеге асырады. Бұл жүйеге Сарыарқа, Тұран, Сарайшық, Қонаев, Достық және Сығанақ көшелері кіреді. ІТS жүйесін пайдаланған кезде бұл көшелер қиылысының өткізу қабілеттілігі мен көлік ағымдарының қозғалыс жылдамдығын орта есеппен 21 пайызға дейін арттыруға қол жеткізілді. Көлік ағындарын басқару тиімділігі едәуір артты.
Келесі бір қолға алынған бағыт - Жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасы. Ол көшелерден тыс және көше жол тораптарында да пайдалануға арналған, жылжымалы құрамы бар жолаушылар тасымалдайтын жетілдірілген көлік жүйесі. Ол автобус көлігіне қарағанда, жоғары тасымалдау мүмкіндігіне ие. Сонымен бірге, бұл көлік жүйесі экологиялық жағынан тиімділігімен, жоғары жайлылығымен және қауіпсіздігімен сипатталады. Ұзындығы 22,4 шақырымға созылатын жаңа LRT жеңіл рельсті көлік жүйесі Астана халықаралық әуежайын ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі қалашығымен, Абу-Даби Плаза және жаңа теміржол вокзалымен байланыстыратын болады. Заманауи технологиялармен жабдықталған жаңа жүйе 100 пайыз эстакад жолымен жабдықталады. Сонымен бірге, бұл жобаға 18 заманауи бекет, 19 дана жылжымалы құрам және арнайы депо орталығы кіреді.
«City Bus» жобасын - «Астана LRT» ЖШС Астана қаласының жолаушылар көлігі басқармасымен бірге жылжымалы құрамды жаңарту және жолаушыларды тасымалдау сапасын арттыру мақсатында әзірленді. Осы жоба шеңберінде IVECO Citelis маркасындағы қазіргі заманғы қалалық жылжымалы құрамның 358 бірлігі сатып алынды. Бүгінгі күні осы автобустар өздерін жолаушыларды қолайлы түрде тасымалдау үшін барлық жағдай жасалған сапалы және сенімді көлік ретінде көрсетті.